16
мамыр
2025
“АБАЙ ӘЛЕМІ-ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ” 180 ЖЫЛ
“АБАЙ ӘЛЕМІ-ОТБАСЫ ҚҰНДЫЛЫҒЫНЫҢ ТЕМІРҚАЗЫҒЫ” 180 ЖЫЛ
2025 жылғы 15 мамыр күні Шымкент қаласындағы Абай саябағында (Б.Момышұлы мен Желтоқсан көшелерінің қиылысы) «Абай әлемі – отбасы құндылығының темірқазығы» атты қалалық іс-шара өтті. Оған Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Құранбек қатысты.
Аталған іс-шара бір мезгілде (сағат 10:00-де) қаланың 160 мектебінде, сондай-ақ 20 мәдени-демалыс аймағы мен саябақтарда ұйымдастырылды. 1-сыныптан 11-сыныпқа дейінгі мектеп оқушылары, ата-аналар, ұстаздар, ардагер педагогтар, зиялы қауым өкілдері, шығармашыл жастар мен қала тұрғындары қатысты. Жалпы қатысушылар саны 160 мыңға жуықтады.
Аталған іс-шарада Шымкент қаласы білім басқармасына қарасты А.Макаренко атындағы № 41 мектеп-лицейінің оқушылары Абай Құнанбайұлының шығармаларын поэтикалық-музыкалық композициялар мен театрландырылған қойылымдар арқылы сахналап, Абайдың өлеңдері мен қара сөздерін жатқа айтып, өз өнерлерін паш етті.
Шымкент қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен бұл іс-шара қала тұрғындарына ерекше рухани серпін мен жоғары көңіл-күй сыйлады. Шығармашыл жастар мен тұрғындар отбасы құндылықтары мен ұлттық рухты ұлықтау жолында белсенділік танытты.
Айта кетейік, бұл бастама – отбасы институтын нығайту, ұрпақтар сабақтастығын сақтау және Абай мұрасын жас ұрпаққа кеңінен таныту мақсатында ұйымдастырылды. Мұндай тағылымды шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде өтіп, қоғамның рухани дамуына оң әсерін тигізе бермек.